Фото авторы: ғаламтордан
Бокстан әлем кубогы биыл үш кезеңнен тұрады. Алғашқысы сәуір айында Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өтіп, екінші кезең шілде айында Астанада ұйымдастырылды. Енді турнирдің шешуші кезеңі 16-20 қараша аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы бұл додада да жүлдеге таласады.
Ерлер құрамасын бас бапкер Қайрат Сәтжанов бастап барады. Ол сенім артқан спортшылардың қатарында Нұрзат Оңғаров (50 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі), Нұрбек Мұрсал (70 келі), Аман Қонысбеков (75 келі), Санжарәлі Бегалиев (80 келі), Сұлтанбек Айбарұлы (85 келі), Бекзат Таңатар (90 келі) және Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) бар. Ал әйелдер командасының тізгінін Елдос Сайдалин ұстайды. Ол Ақбота Болат (48 келі), Жансая Рахымберді (51 келі), Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диана Мағауияева (80 келі) және Әсел Тоқтасын (80 келіден жоғары) секілді тәжірибелі боксшыларға үміт артып отыр.
Астанада өткен әлем кубогының екінші кезеңінде қазақстандық боксшылар айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Назым Қызайбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Бекзад Нұрдәулетов (85 келі), Виктория Графеева (60 келі), Наталья Богданова (70 келі), Санжар Ташкенбай (50 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі) және Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) алтын медаль иеленді. Сонымен қатар Нұрбек Оралбай (80 келі) мен Алуа Балқыбекова (51 келі) күміс жүлде жеңіп алса, Ертуған Зейнуллинов (65 келі), Айдана Забынбекова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) және Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) қола медаль иеленді.
Бразилияда өткен алғашқы кезеңде де ел намысын қорғаған спортшылар сәтті өнер көрсетті. Дәулет Төлемісов (85 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (55 келі) және Жазира Орақбаева (51 келі) өз салмақтарында чемпион атанды. Ал Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Диас Молжігітов (75 келі) және Даниял Сапарбай (90 келіден жоғары) қола жүлдеге қол жеткізді.
Үндістанда өтетін үшінші кезең - биылғы әлем кубогының финалдық сайысы. Қазақстандықтар бұл додада да жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте көш бастауға ниетті.
Пікір жоқ