Фото авторы: pexels https://kaz.inform.kz/news/zhambil-oblisinda-zhrvi-men-auirgandardin-60-i-balalar-de41c794/
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы бері Қазақстанда 1 075 450 адам ЖРВИ жұқтырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға төмен.
Зертханалық мониторинг нәтижесінде тұмауға жатпайтын вирустардың ішінде риновирус, аденовирус және бокавирус басым екені анықталды. Ал маусым басталғалы бері А(H1N1)pdm09 тұмауының 12 жағдайы зертханалық тұрғыдан расталған.
Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Халықтың шамамен 11%-ын егуге жететін «Гриппол» вакцинасының 2,2 миллион дозасы сатып алынған. Қазір вакцина еліміздің барлық өңірінде бар. 30 қазандағы мәлімет бойынша, 1 670 447 адам тұмауға қарсы екпе алған. Бұл вакцинациялауға жататын халықтың 75,3%-ы болады, — делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі ЖРВИ маусымында қарапайым сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Атап айтқанда, қоғамдық орындарға барғаннан кейін қолды жиі жуып, бөлмелерді үнемі желдетіп, респираторлық әдеп ережелерін сақтау қажет.
ЖРВИ белгілері пайда болса, мүмкіндігінше айналадағы адамдармен байланысты шектеген жөн. Дене қызуы көтеріліп, денсаулық жағдайы нашарласа немесе ауру белгілері айқын байқалса, медициналық көмекке жүгіну керек.
Еске салайық, ҚР денсаулық сақтау министрлігінің фармация комитеті тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) маусымында тұрғындарға үйдегі дәрі қобдишасында қажет құралдардың болуын және оларды дұрыс қолдануды ұсынды.
Пікір жоқ