Фото авторы: Ақорда
Қазақстан Президентінің Ресейге мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағында орналасқан «Белгісіз жауынгер бейіті» ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастау алды. Бір минуттық үнсіздікпен құрмет көрсетілгеннен кейін оркестр Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындады. Одан соң Құрмет қарауылы қазақстандық ресми делегация алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Кешке Қазақстан мен Ресей президенттері арасында ресми келіссөздер өтті. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы атом энергиясы саласындағы серіктестіктің маңыздылығына ерекше назар аударды.
«Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады»,– деді президент.
Бұдан өзге, Мемлекет басшысы екі ел арасындағы білім беру саласындағы өзара ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
«Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды. Бұл да елеулі оқиға. Жалпы, білім саласына ерекше мән беремін. Өйткені жастарымызға жағдай жасау керек деп санаймын. Біздің мақсатымыз – жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынтымақтастығы мен достық байланыстарын аманаттау. Өскелең ұрпақ мұндай қарым-қатынассыз осынау алмағайып заманда өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуге тиіс», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Владимир Путинді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің қатысуымен екі елдің делегациялары кеңейтілген форматта келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық серіктестіктің өзекті бағыттарын талқылады.
Пікір жоқ