Фото авторы: желі
Франция президенті Эммануэль Макрон 18 қазанда кешке елдегі жаппай тәртіпсіздікке байланысты халыққа үндеу жасады, - деп хабарлайды Newmedia.kz
Макрон Францияның бірнеше қаласын шарпыған қымбатшылыққа қарсы наразылықтар кезіндегі жаппай тәртіпсіздік пен полицияға көрсетілген зорлық-зомбылықты айыптады. Ол халықпен диалог орнатуға уәде берді.
"Бірнеше жүздеген полицей мен жандарм жараланды. Француздар Францияға қалайша бұлай істей алады? Лимождағы ратушаны, Лиондағы туристік бюроны өртеп, Марсельдегі ратушаға басып кіру немесе Бордодағы префект резиденциясына шабуыл жасаудың не қажеті бар? Олар қалайша мұндай қадамға барды? Бұған ешқандай негіз де, түсіндірме де, кешірім де жоқ. Бүгін бәріміз де ыза мен ұятты сезініп отырмыз", - деді Макрон.
Франция басшысы бәрін қиратқандар төлеуге тиіс екенін, тонағандар шығынды өтеуі қажет екенін мәлімдеді. Ол тәртіпсіздіктер кезінде құқық бұзғандарды сот алдында жауапқа тартуға уәде етті.
"Республиканы құлатқысы келгендер жауап береді", - деді Макрон.
Мемлекет басшысы саяси партиялар мен кәсіподақ ұйымдарын "кез келген зорлық-зомбылықты айыптап, сабырға шақыруға" үндеді. Президент құқық қорғау органдарына, мэрлерге және өз дүкендерін бүлікшілерден қорғаған кәсіпкерлерге қолдау білдірді. Ол кәсіпкерлерге үкімет тарапынан көмек көрсетілетініне уәде етті.
Ол отын бағасы өсуі Таяу Шығыстағы соғыс салдарымен байланысты екенін айтты. Макрон дүйсенбіден бастап Францияны отынмен және газбен қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерді жалғастыратынын, осы мақсатта Парсы шығанағы елдеріне баратынын айтты.
Мемлекет басшысы мектептер мен университеттердегі жастардың алаңдаушылығын түсінетінін де жеткізді. Ол үкімет бұл мәселелерді шешуге кіріскенін айтты.
Пікір жоқ