Фото авторы: ҚР СІМ
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Теңіз терминалындағы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Newmedia.kz.
Министрліктің мәлімдеме мәтіні 30 қарашада ведомствосының Telegram-арнасында жарияланды.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Новороссийск теңіз порты акваториясында халықаралық Каспий құбыр консорциумының аса маңызды инфрақұрылымына бағытталған кезекті мақсатты шабуылға байланысты наразылық білдіреді», – делінген мәлімдемеде.
Министрліктің хабарлауынша, бұл жағдай халықаралық құқық нормаларымен қорғалатын азаматтық нысанға жасалған үшінші күш қолдану әрекеті болып саналады.
«Жаһандық энергетикалық нарықтың жауапты қатысушысы ретінде Қазақстан энергия ресурстарын тұрақты әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге ерекше мән береді», – деп нақтылады ведомство өкілдері.
СІМ КҚК-ның әлемдік энергетикалық жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қызметін атап өтті.
«Осы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Украинаның екіжақты қатынастарына залал келтіретін әрекет ретінде бағалаймыз және украин тарапы мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдайтынын күтеміз», – деп көрсетілген мәлімдемеде.
Пікір жоқ