Фото авторы: egemen.kz
17 қарашада Сенат бюросының отырысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өтті. Жиын барысында палатаның жалпы отырысының күн тәртібі анықталып, комитеттердің алдағы жоспарланған шаралары талқыланды.
Осыған сәйкес, сенаторлар «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджеттері арасындағы 2026–2028 жылдарға арналған жалпы трансферттер көлемі туралы» және «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобаларын қарастыратын болады.
Ол уақытта Премьер-министрдің орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу үшін жергілікті бюджеттердің түсімдері 2026 жылы 10,7 трлн теңге, 2027 жылы 12,1 трлн теңге, ал 2028 жылы 13,3 трлн теңге көлемінде болжанғанын жеткізген. Шығыстар көлемі 2026 жылы 14,9 трлн теңге, 2027 жылы 17,3 трлн теңге, ал 2028 жылы 18,7 трлн теңге болады деп жоспарланған. Трансферттердің жалпы көлемін анықтау барысында мақсатты бағытын сақтайтын ағымдағы нысаналы трансферттер де ескерілген.
-2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады. Біздің бағалауымызша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді. Өңірлердің базалық инфрақұрылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін, даму бюджеті бойынша өңірлердің нысаналы көрсеткіштерінің мәндерін есептеу Өңірлік стандарттар жүйесінің нәтижелері ескеріліп жүзеге асырылатын болады. Бұл үшін даму бюджеті жыл сайын ұлғаяды: 2026 жылы 1,7 трлн теңге, 2027 жылы 3,2 трлн теңге және 2028 жылы 4,2 трлн теңге. Үш жылда барлығы 9,1 трлн теңге. Даму бюджетіне салынған қаражатты ескерсек, өңірлік стандарттар жүйесін қамтамасыз ету көрсеткіші 69,2%-ды құрайтын болады, - деген еді ол.
2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын да Мәжіліс сол күні қабылдады.
Үш жылдық бюджет жобасында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап негізгі қаржылық есептік көрсеткіштер мынандай шамада болмақ:
1) жалақының ең төмен мөлшерi — 85 мың теңге;
2) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері — 35 596 теңге;
3) зейнетақының ең төмен мөлшерi — 69 049 теңге;
4) айлық есептiк көрсеткiш — 4 325 теңге;
5) базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеуге қажетті ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы — 50 851 теңге.
Инфляция болжамы 2026 жылы 9-11 пайыз, 2027-2028 жылдары орташа 6 пайыз деңгейінде айқындалған. Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн 770 млрд теңге алып отыру көзделген. Бюджеттің шығыс бөлігі 2026 жылы 27,7 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 15,1 пайызы көлемінде, 2027 жылы — 28,8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 14 пайызы көлемінде, 2028 жылы— 29,8 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 13 пайызы көлемінде белгіленген. Әлеуметтік шығысқа 2026 жылы 10,7 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның ішінде әлеуметтік төлемдерге 6,8 трлн теңге, адами капиталға 3,9 трлн теңге қарастырылған.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 1 қаңтарда күшіне енетін жаңа Салық кодексі 2026 жылғы бюджет кірісін 3,6 трлн теңгеге ұлғайтады. Бюджет тапшылығы 0,9 пайызға дейін төмендейді.
- 2026 жылға түсімдер 23,1 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Оның ішінде, трансферттерді есептемегенде, кіріс 19,2 трлн теңге. Экономиканың өсіміне, жаңа Салық кодексінің қабылдауына, оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты кіріс биылмен салыстырғанда 3,6 трлн теңгеге ұлғайып отыр. Бұл, мемлекеттік қаржының тұрақтылығына әкеледі. Бюджет шығысы 27,8 трлн теңге, яғни осы жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге ұлғайып отыр. 2026 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,5% деңгейінде, ал 2028 жылға қарай ол 0,9%-ға дейін төмендейді деп болжанып отыр. Бұл бюджеттік тәртіпті нығайтуға және борыштық жүктемені азайтуға алып келеді, - деді министр.
Пікір жоқ