Фото авторы: gov.kz
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Дене шынықтыру және спорт басқармасында орын алған оқиғаға байланысты пікір білдіріп, бұл мәселеге асығыс баға беруге болмайтынын айтты. Бұл туралы Newmedia.kz хабарлады.
Өңір басшысының айтуынша, оқиғаға құқықтық баға тексеру мен тергеу аяқталғаннан кейін ғана беріледі.
«Тәртіп бұзушылықтың болғаны анық және ол үшін жауапкершілік те қарастырылуы тиіс. Алайда барлық шешім заң аясында қабылдануы керек. Бұған дейін де айтқанбыз, тағы да қайталап өтемін: бұл жағдай бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеріс жүргізеді, сондай-ақ басқарманың қызметіне кешенді аудит жасалады. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр, әрбір әрекетке құқықтық баға беріледі», – деді Ермағанбет Бөлекпаев аппарат кеңесі барысында.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берген болатын. Ведомство мәліметінше, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған.
Полицияның хабарлауынша, Қарағанды қаласының 42 жастағы тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Кейінірек әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты бейнежазба тарады. Сондай-ақ жанжалға қатысқан боксшы да өз ұстанымын білдіріп, жеке мәлімдеме жасаған.
Пікір жоқ