Фото авторы: Ақорданың баспасөз қызметі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада отбасы институтын нығайтуға бағытталған жаңа нормалар туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан әлеуметтік саясатты әрдайым жауапкершілікпен жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, елде шын мәнінде мұқтаж азаматтарға нақты әрі атаулы көмек көрсетіледі және бұл бағыттағы саясат алдағы уақытта да жалғасын табады.
Президенттің сөзінше, Қазақстанда бала дүниеге келген кезде тиісті әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Сонымен қатар сәби бір жарым жасқа толғанға дейін жөргекпұл төленеді.
“Көптеген мемлекетте, соның ішінде Еуропаның дамыған елдерінде әйелдер екі-үш айдан кейін жұмысқа шығуға мәжбүр. Ал Қазақстанда жас аналар үш жылға дейін үйде отырып, бала тәрбиесімен алаңсыз айналыса алады. Сонымен қатар олардың жұмыс орны сақталады, ал декреттік демалыстағы уақыт еңбек өтіліне қосылады”, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев ана мен баланы қолдау мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл салада қажетті заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданған.
Сондай-ақ президент отбасы институтын қоғамның тұрақты дамуының маңызды факторы ретінде Конституция деңгейінде күшейту жоспарланып отырғанын айтты.
“Неке – ер мен әйелдің мемлекеттік заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы” деген норма алғаш рет Конституцияда бекітіледі. Бұл ереже балалардың құқықтарын қорғауға және әйелдер мен аналардың отбасындағы рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар “Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады” деген норма жаңа мазмұнмен толықтырылады. Президенттің айтуынша, құқықтық тұрғыдан нақты тұжырымдар арқылы қыздарды тұрмысқа мәжбүрлеу сияқты келеңсіз әрекеттерге Конституция деңгейінде тосқауыл қойылады.
Пікір жоқ