Фото авторы: Барыс хоккей клубы
Ярославльдің «Локомотиві» — «Барыс» үшін әрдайым оңай қарсылас болып келген емес. Бұған дейін екі команда 32 рет кездесіп, соның 10-ында ғана елордалық клуб жеңіске жеткен, қалған матчтарда ресейлік команда басым түскен. Соңғы бес ойында «Барыс» бұл қарсыласын тек бір-ақ рет ұтқан. Оның үстіне, «Локомотив» биылғы маусымды өте жоғары деңгейде өткізіп, 38 ұпаймен турнир кестесінде екінші орынға жайғасып отыр.
Соған қарамастан, бұл жолғы матч «Барыс» үшін жақсы басталды. Ойынның 18-минутында Әлихан Өмірбеков алғашқы шайбаны соғып, командасын алға шығарды.
Үшінші кезеңде қазақстандық клуб өз артықшылығын еселей түсті. 46-минутта Семён Симонов есепті ұлғайтса, артынша 50-минутта Аңсар Шайхмедденов тағы бір шайба енгізді.
54-минутта Эмиль Галимов нүкте қойып, қорытынды есепті анықтады. Нәтижесінде «Барыс» қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, биылғы маусымдағы сырт алаңдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Алдағы матчын елордалық команда тағы да сырт айдында өткізіп, 17 қараша күні «Сочимен» шеберлік байқасады.
Пікір жоқ