Фото авторы: ҚСЗИ
Елімізде құрылғалы отырған бір палаталы Парламент – Құрылтайға жүктелетін жауапкершілік салмағы артып келеді. Әсіресе жаңа құрам ең алдымен қандай мәселелерге мән беруі керектігі – қоғам назарындағы басты тақырыптардың бірі. Науқан алдында Egemen.kz тілшісі көптің көкейіндегі сауалдарға жауап іздеп көрді.
Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері Дархан Төкеевтің айтуынша, Құрылтайдың жаңа құрамы заңнаманың сапасын арттыруға, адам құқықтарын қорғауға және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық беруі тиіс.
«Құрылтай ең алдымен заң үстемдігі, әділеттілік және құқықтық айқындық қағидаттарына негізделген заңнаманы одан әрі жетілдіруге ерекше назар аударуы қажет. Бүгінде қабылданатын заңдардың санын арттырудан гөрі, олардың сапасын, өзара үйлесімділігін және құқық нормаларын қолдану тиімділігін қамтамасыз ету маңызды. Әрбір заң қоғамның нақты қажеттіліктеріне жауап беріп, ықтимал әлеуметтік-экономикалық салдарларды ескеруі және жан-жақты ғылыми әрі сараптамалық бағалаудан өтуі тиіс», деді Дархан Төкеев.
Сарапшының пікірінше, цифрлық трансформация жағдайында дербес деректерді қорғау, жасанды интеллектіні құқықтық реттеу, киберқауіпсіздік және азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғау мәселелері ерекше маңызға ие. Сондықтан Құрылтайда осы мәселелермен қатар инвестициялық заңнаманы жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау секілді бастамаларға да басымдық берілуі керек.
«Құрылтай инвестициялық заңнаманы жетілдіруге, кәсіпкерлікті дамытуға, әкімшілік кедергілерді азайтуға, инновациялық экономиканы қолдауға және жаңа технологияларды енгізуге қолайлы құқықтық орта қалыптастыруға ерекше назар аударуы қажет. Әлеуметтік саясатты жетілдіру де айрықша маңызға ие. Заңнамалық бастамалар білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға, отбасы институтын нығайтуға, жастарды қолдауға және халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауға бағытталуы тиіс. Демографиялық өзгерістер жағдайында жұмыспен қамту, адами капиталды дамыту және өңірлік саясат салаларында ұзақ мерзімді мемлекеттік саясатты қалыптастырудың маңызы арта түседі», деді ол.
Дархан Төкеев Құрылтайда заң жобаларын әзірлеу кезінде сарапшылардың, ғылыми ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары кеңінен ескерілетініне үміт білдіріп, жаңа құрылымнан қандай өзгеріс күтетінін айтты.
«Жалпы алғанда, Құрылтайдың жаңа депутаттық құрамы ұлттық мүдделер мен қоғамның сұраныстарына жауап беретін сапалы, заманауи және тиімді заңдарды қабылдауға бағытталады деп күтемін. Құрылтай қызметінің басты көрсеткіші заңнамалық бастамалардың саны ғана емес, олардың мемлекеттік басқару сапасын арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға нақты ықпал етуі тиіс», деді Дархан Төкеев.
Сонымен қатар сарапшы Құрылтайдағы бақылау институтын жетілдіріп, заңнаманың тиімділігін бағалау тетіктерін арттыру қажеттігін атап өтті.
Пікір жоқ