Экономика

Қазақстанның даму банкі 14 жобаны қаржыландыруға қатысады

Echo

Фото авторы: Gov.kz




Банк бастамаларға шамамен 2,6 трлн теңгеге дейін қаржы сала алады. Бұл қаражат ел аумағындағы жалпы құны 6,9 трлн теңгені құрайтын, жоғары технологиялы қайта өңдеу үлесін ұлғайтатын болашақ металлургия және агроөнеркәсіп кластерлеріне бағытталмақ.

Павлодар облысында металлургиялық кластерді дамыту жобасының алғашқы кезеңін қаржыландыру банкте мақұлданды. Осыған сәйкес, Екібастұз қаласында "Mineral Product International" ЖШС жылына 80 мың тонна ферроқорытпа өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жобаның іске қосылуы Қазақстанның ішкі қайта өңдеу саласын және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен қатар 527 тұрақты және 1000-нан астам уақытша жұмыс орны құрылатын болады.

Сараптаманың үшінші кезеңі Қарағанды облысында №8-9 (жылына 2,45 млн тонна кокс) жаңа кокс батареялары мен табиғи газ құбырын салатын "Qarmet" АҚ кешенді жаңғырту жобасынан өтуде. Жоба ішкі металлургияны өзіміз өндірген кокспен қамтамасыз етіп, импортты қысқартуға және өндірістік қуатты арттыруға мүмкіндік береді,- делінген хабарламада.

Құжаттарды жинаудың екінші кезеңінде Қостанай облысындағы "QazIron" АҚ (ERG) жобасы қарастырылып жатыр. Бұл кәсіпорын жылына 2 млн тонна өнім шығара алатын ыстық брикеттелген темір (ЫБТ) зауытын салуды жоспарлайды. Жоба доменсіз, "жасыл" металлургияға арналған премиум санаттағы шикізат өндіреді және шамамен 3000 адамды жұмыспен қамтиды.

Қаржыландыруға қажетті материалдарды дайындаудың алғашқы кезеңі Абай облысында жылына 300 мың тонна мыс өндіретін "KAZ Minerals Smelting" ЖШС мыс балқыту зауыты жобасы бойынша жүргізілуде. Зауыт іске қосылғанда мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылып, жоғары экспорттық мүмкіндігі бар дайын мыс қорытпасын өнеркәсіптік көлемде өндіруге жол ашады.

Астанада "Kazak Protein" ЖШС өз қаржысы есебінен бидай мен бұршақты терең өңдеуге бағытталған интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешеннің құрылысын бастап кетті. Бұл жобаны ҚДБ сараптауының үшінші кезеңі өтіп жатыр. Кәсіпорын тірі бидай глютенін және модификацияланған бидай крахмалын өндіруді жоспарлайды. Болашақта Қостанай облысындағы Qostanai Grain Industry жобасымен бірге астықты терең өңдеуге және стратегиялық маңызды импорттық ингредиенттерді алмастыруға негіз болатын экожүйе қалыптастырылады. Сонымен қатар қосылған құны жоғары қазақстандық экспорттық өнімдер қатарын кеңейтеді.

ҚДБ мен оның еншілес құрылымы – ӨДҚ-ның қаржыландыруы нәтижесінде жылына 120 мың автокөлікке дейін өндіре алатын Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті зауытын салу жобасы рекордтық уақыт ішінде жүзеге асырылды. Бұл кәсіпорын бір алаңда үш бірдей жетекші қытай бренді – Chery, Changan және Great Wall Motor (Haval және Tank) өндірістерін шоғырландырған әлемдегі тұңғыш жоба болып табылады.

Барлық жобалар қатаң іріктеу талаптарына сәйкес келеді. Нақтырақ айтқанда, олардың құны кемінде 100 млрд теңге болуы, өнімнің қайта өңдеу деңгейі орташа немесе жоғары болуы, стратегиялық тұрғыдан маңызды болуы, сондай-ақ экспортқа және импортты алмастыруға бағытталуы ескеріледі.

Айта кету керек, Үкімет жалпы құны шамамен 16 трлн теңгені құрайтын және 28 мыңнан астам жұмыс орнының ашылуын көздейтін 17 ірі жобаның тізімін бекіткен. Бұл бастамалар қара және түсті металлургия, мұнай-газ және көмірхимия өнеркәсібі, химия өндірісі, автомобиль жасау, туризм және азық-түлік өнеркәсібі секілді салаларды қамтиды.

Бүгінгі таңда екі жоба іске қосылды: KIA автомобильдерін шығаратын зауыт және Chery, Haval мен Changan брендтерін өндіретін мультибрендті автозауыт. Қалған 15 жоба әртүрлі кезеңдерде жүзеге асырылуда.


Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру