Фото авторы: ҰОК
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль иеленді, - деп хабарлайды Newmedia.kz
Қысқа бағдарламадан кейін отандасымыз 5-орында тұрған еді. Жүлдеге ілігу үшін оған қарсыластарынан 9,6 ұпай айырмашылықты қысқарту қажет болды.
Еркін бағдарламада Шайдоров төрттік лутц элементін орындау барысында аздап мүлт кеткенімен, қалған секірулерін жоғары деңгейде және таза орындады. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары оның бағдарламасына төрттің орнына бес төрттік секіру қосқанын жазған болатын. Спортшы бұл күрделі техникалық элементтерді сәтті орындап шықты.
Нәтижесінде ол екі бағдарламаның қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты және Олимпиада чемпионы атанды.
Күміске басты үміткер саналған жапониялық Юма Кагияма еркін бағдарламада бірнеше қателік жіберіп, қысқа бағдарламадан кейінгі 11 ұпайлық басымдығынан айырылды. Ал АҚШ-тың әлем чемпионы Илья Малинин бірнеше рет құлап, жалпы есепте Шайдоровқа жол берді.
Бұл алтын медаль – Қазақстан құрамасының 2026 жылғы қысқы Олимпиададағы алғашқы жүлдесі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстаннан мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдесін алған жалғыз спортшы – Денис Тен. Ол 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алған еді.
Пікір жоқ