Фото авторы: Ақтөбе облысы әкімдігі
Қазақстанның ауыл мектептерін дамыту тәжірибесі алғаш рет HundrED Global Collection 2026 халықаралық рейтингісінің негізгі тізіміне енді. Бұл тізім әлем бойынша жүзеге асырылуға ұсынылған ең үздік 100 білім беру инновациясын қамтиды.
Финляндияда орналасқан HundrED үкіметтік емес ұйымы жыл сайын білім саласында елеулі өзгерістерге ықпал ететін ірі және тиімді жобаларды іріктеп алады. 2025 жылы 70 елден 800-ден астам өтінім түскен, олардың ішінен сарапшылар 150 жобаны таңдап, үздік 100-ді анықтады. Сол қатарда AITAS Foundation жүзеге асырған шағын жинақты мектептердің әлеуетін цифрлық технологиялар арқылы арттыру жобасы да бар.
Негізгі тізімге Қазақстанмен бірге Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Норвегия және АҚШ сияқты елдердің жобалары да енді. Бұл елдер қазіргі уақытта әлемдік білім беру жүйесінің даму бағыттарын қалыптастырып отыр.
«HundrED Global Collection 2026 шын мәнінде білім беру жүйесін өзгертетін шешімдерді атап өтеді. Қазақстанда жасалған жұмыс — ауыл мектептерін қолдаудың ауқымды әрі тұрақты тәсілінің жарқын мысалы»,- деді HundrED зерттеу директоры Катрин Бергстрём.
Айта кетсек, 2023–2024 жылдары Ақтөбе облысында Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Қазақстан халқына» қоры, облыс әкімдігі және AITAS холдингі қолдауымен ауылдағы шағын жинақты мектептерде білім сапасын арттыруға бағытталған кешенді жобаны жүзеге асырды. Жоба 134 шағын жинақты және 12 тірек мектепті қамтыды. Нәтижесінде цифрлық инфрақұрылым жаңартылып, мұғалімдер жаңа әдістемелер бойынша дайындалды, аралас және қашықтан оқыту әдістері енгізілді. Мұғалімдер мен оқушылардың көрсеткіштерінің айтарлықтай өскені тәуелсіз бағалау арқылы дәлелденіп, HundrED сарапшылары тарапынан мойындалды.
«Біздің HundrED тізіміне енуіміз — ірі бизнестің әлеуметтік миссиясы жүйелі өзгерістерге әкелетінін дәлелдейді. Біз бизнес, қоғам және мемлекет күшін біріктіре отырып, тұрақты жобаларды іске асырамыз. Бұл жаңалық — барлық серіктес үшін мақтаныш. Жетістігіміз Қазақстанның білім мен интеллектуалды капитал саласында тиімді шешімдер ұсына алатынын көрсетеді»,- деді AITAS Foundation жетекшісі Данияр Токтарбаев.
Жалпы, HundrED тізіміне 52 елден үздік жобалар енді. Бұл тізім жыл сайын әлемнің жетекші білім институттары мен донорларының назарын аударады, ал жобалардың тәсілдері көптеген елдерде ұлттық реформалардың құрамдас бөлігіне айналады.
Қазақстанның шағын жинақты мектептерді қолдау үлгісі — мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы орнықты серіктестік арқасында қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтудың бірегей тәжірибесі ретінде бағаланып отыр. Биыл бұл тәжірибе Ақтөбе облысынан Солтүстік Қазақстан облысына кеңейтілуде.
Пікір жоқ