Фото авторы: Gov.kz
Даулы оқиғаға қатысы бар полиция майоры комадан шыққаннан кейін сауығып кеткенімен, қызметіне қайта оралмады. Қызметкерді шкі істер органдарынан жұмыстан шығарған.
Оған дейін ер адамды полицияның тірек пунктінен ес-түссіз күйде табылып, көрші бөлмеден 23 жастағы қыздың мәйіті анықталған.
Қайғылы жағдай 29 қыркүйекке қараған түні болған. Учаскелік инспектор танысын қызметтік бөлмеге әкелген. Таңертең аға учаскелік инспектор әріптесін ауыр халде және қыздың жансыз денесін көріп, дереу дәрігерлерді шақырған.
Қыздың өліміне қатысты нақты мән-жайлар, сондай-ақ полицейдің комаға түсу себептері әзірге жарияланбаған. Дәрігерлер медициналық құпияны алға тартса, полиция оқиғаның толық мазмұнын ашуы тиіс сараптама қорытындыларын күтіп отыр.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тірек пунктіндегі жағдайға байланысты қызметтік тергеу жүргізіліп, тәртіптік комиссия отырысы өткен.
Тексеру қорытындысында бөлім бастығы мен оның орынбасары қызметтерінен босатылды. Сонымен қатар Қарағанды қалалық полиция басқармасы мен облыстық департаменттің бірнеше жетекшісіне қатаң тәртіптік шаралар қолданылған.
Пікір жоқ