Қоғам

Өскемен әуежайы әзірге сатылмайтын болды

Echo

Фото авторы: airport-uk.kz




Өңір басшылығы әуежайдың Үкіметтің № 908 қаулысында жекешелендіруге ұсынылған нысандар қатарына енгізілгенін растады. Дегенмен стратегиялық мән-жайларға байланысты жекешелендіру үдерісі уақытша тоқтатылып отыр.

«Ертіс ӘКК» АҚ хабарлауынша, дайындық кезеңіндегі жұмыстар бұған дейін-ақ басталған.

– 2025 жылдың қаңтарында нысанның нарықтық құнын тәуелсіз бағалау жүргізілді. Әуежай 2021-2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына ресми түрде енгізілген, - деп хабарлады компаниядан.

Дегенмен Мемлекет басшысының Жолдауы жарияланып, жалпыұлттық жоспар қабылданған соң бұл мәселе қайта талқыланды. Алдағы уақытта облыста екі жаңа әуежай - Катонқарағай мен Зайсан аудандарында - пайдалануға берілуі жоспарланып отыр.

– Бұл әуежайлар туризмді дамыту және өңір экономикасын ілгерілету үшін стратегиялық маңызға ие. Дәл осы екі жаңа нысанның ашылуы жекешелендіру мерзімін қайта қарауға себеп болды, - делінген ақпаратта.

«Ертіс ӘКК» АҚ өкілдері қазір өңірдегі әуе инфрақұрылымын түгелдей бірыңғай басқару орталығында ұстау қажеттігін түсіндірді.

– Жаңа әуежайлардың толыққанды жұмыс істеуі үшін жолаушылар мен әуе компанияларына қызмет көрсетудің бірізді стандарттары, қауіпсіздік жүйесі, ұшу-қону жолақтарының техникалық күтімі, навигация және арнайы техника бойынша ортақ талаптар болуы шарт. Бұл функцияларды қолданыстағы оператор – «Өскемен әуежайы» АҚ-ға жүктеу ең тиімді шешім, - деп хабарлады компаниядан.

Осыған байланысты ШҚО әкімі жекешелендіру мерзімін 2027–2028 жылдарға ауыстыру туралы ұсыныспен Көлік министріне ресми хат жолдаған. Бұл бастаманы министрлік те, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де қолдап отыр.


Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру