Қоғам

Мәжіліс Цифрлық кодекс жобасын мақұлдады

Echo

Фото авторы: Мәжіліс




Бүгін Мәжіліс отырысында депутаттардың бастамасымен дайындалған Цифрлық кодекс жобасы және оған қатысты түзетулер бірінші оқылымда талқыланды. Бұл жаңа құжат жасанды интеллектті дамыту, деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтерді толықтай онлайн форматқа көшіру үдерісін реттеуді мақсат етеді.

Құжатты Мәжілісте Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева таныстырды.

Оның айтуынша, жаңа Цифрлық кодекс цифрлық кеңістікке құқықтық негіз беріп, деректер мен платформаларды ресми айналымға енгізуді көздейді. 

«Цифрлық деректер айналымының құқықтық режимі енгізіледі. Жазбалар түріндегі цифрлық деректер алғаш рет құқық объектісі ретінде танылғалы отыр. Бұл дегеніміз, деректер экономикалық құндылыққа ие болып, азаматтық негіздегі айналымға қатыса алады», - деді депутат. 

Мәжілісте қаралып жатқан Цифрлық кодекс жобасы қабылданған жағдайда, еліміздегі eGov секілді мемлекеттік цифрлық жүйелер мен электронды қызмет көрсету платформаларына «ұлттық объект» мәртебесі берілуі ықтимал. Бұл мәртебе стратегиялық маңызы бар цифрлық инфрақұрылымның жекеменшікке өтіп кетуіне немесе шетелдік тараптарға сатылуына жол бермейді.

Жаңа кодекс жобасында электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) заң жүзінде электронды форматта құжатқа қол қоюдың негізгі әрі ресми тәсілі ретінде белгіленген. Сонымен қатар, кейбір онлайн платформаларда пайдаланушы келісімін растау үшін жеңілдетілген цифрлық верификация жүйесін қолдану мүмкіндігі қарастырылған.

Құжаттың тағы бір маңызды тұсы — электронды құжаттардың жіктелуі. Кодекс жобасында олар үш санатқа бөлінеді:

    1. Электронды құжаттар - ЭЦҚ қойылған және қағаз түріндегі нұсқамен теңестірілетін ресми файлдар кіреді;

    2. Цифрлық құжаттар — мемлекеттік базадан автоматты түрде жүктелетін, ұсынылған сәтінде түпнұсқа ретінде танылатын анықтамалар мен ресми мәліметтер;

    3. Цифрлық мәліметтер — ІІМ, Әділет министрлігі немесе өзге де ресми дерекқорлардан алынған азамат, жылжымайтын мүлік не өзге нысандар туралы заңды мәні бар ақпараттар.

    Яғни, жаңа кодекс еліміздегі деректер айналымын құқықтық тұрғыда нақтылауға, цифрлық инфрақұрылымды қорғауға және мемлекеттік қызметтерді толық цифрландыруды заңнамалық деңгейде бекітуге бағытталған.




    Пікір

      Пікір жоқ

    Пікір қалдыру