Қоғам

Ақмола облысында ЖИ-ассистент жобасы енгізілді

Echo

Фото авторы: shutterstock




«Жалпы 43 жаңа нысан салынды, оның ішінде 38-і «Ауылда денсаулық сақтауды жанғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Бұл нысандар 130 мың ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етіп отыр. Көкшетау қаласында 630 орынға арналған жаңа көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Аурухана Қазақстанда баламасы жоқ халықаралық деңгейдегі клиникаға айналады. Ол жерде солтүстік өңір тұрғындарына жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, Қосшы қаласында 1 мың адамға арналған емханасы бар көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталып қалды. Келесі жылы қаңтарда алғашқы науқастарды қабылдай бастайды», — деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті туралы есеп беруінде айтты. 

Облыс басшысының айтуынша, 2026 жылдың алғашқы жартысында Қосшы қаласында 350 төсек-орынға арналған жаңа аурухана іске қосылмақ.

Жоспар бойынша бұл медициналық мекеме Қосшы қаласы мен оған жақын жеті ауданның тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Жаңа ауруханада шамамен 1700 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, биыл қыркүйек айында Степняк қаласында медициналық кешеннің құрылысы аяқталып, нысан 200 науқасқа дейін қабылдай алатын жағдайға жеткізілген. Онда 45 төсек-орын қарастырылған.

Бұдан бөлек, өңірде денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект жүйесін енгізу жұмыстары қолға алынған.

«Медицина қызметкерлеріне әкімшілік жүктемені төмендететін дәрігердің ЖИ-ассистент жобасы енгізілді», — деп толықтырды Марат Ахметжанов.

Әкімдік таратқан мәліметке сәйкес, бүгінде ЖИ-ассистент жүйесі Көкшетау, Степногорск, Қосшы және Ақкөл қалаларындағы медицина мекемелерінде тиімді жұмыс істеуде. Жүйе қабылдауға жазуды жүргізіп, қажетті мәліметтерді жинайды, құжаттарды рәсімдейді және 80 пайызға дейін дәл алдын ала диагноз қоя алады.


Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру