Фото авторы: желі
Полиция мәліметінше, Әділетхан Молдахан 2023 жылдың наурыз айында жасалған қылмысқа қатысы бар деп танылған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен бірге әрекет еткен.
Ведомствоның хабарлауынша, күдіктілер тұрғын үй сатып алу үшін ірі көлемде ақша алып жүрген азаматты нысанаға алған. Олар жәбірленушінің көлігін алдын ала аңдып, әдейі тоқтатқан. Кейін күш қолданып, ақшаны ашық түрде иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Сот үкімімен Әділетхан Молдаханға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, оған пробациялық бақылау белгіленген.
Сонымен қатар, полиция оның бұған дейін ішкі істер органдарында қызмет атқарғанын растады. Алайда ол қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны, қызметтік абыройға нұқсан келтіргені және антқа адал болмағаны үшін жұмыстан босатылған.
Алматы қалалық полиция департаменті құқық қорғау органдары заң бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанатынын атап өтті.
«Құқық қорғау органдары заң бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын басшылыққа алады және өз қатарын құқыққа қайшы әрекеттерге барған қызметкерлерден жүйелі түрде тазартып келеді», – делінген ведомство хабарламасында.
Пікір жоқ