Қоғам

Каспий теңізінде сарбаздардың қаза табуына қатысты іс бойынша 300-ден астам адамнан жауап алынды

Каспий теңізінде сарбаздардың қаза табуына қатысты іс бойынша 300-ден астам адамнан жауап алынды

Фото авторы: видеодан скриншот




Қамауда сегіз лауазымды тұлға отыр. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы мен оның орынбасарлары бар, деп хабарлайды Newmedia.kz тілшісі. 

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде сарбаздардың қаза табуына қатысты тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауында. Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыстық іс бойынша 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сараптама мен зерттеу жүргізілген.

Қылмыстық істі Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары тергеп жатыр. Тергеушілер қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті іс-шараларды жүргізуде.

Тергеу аясында қызметке салғырт қарау және кеме жүргізу қағидаларын бұзу күдігі бойынша сот санкциясымен сегіз лауазымды тұлға қамауға алынған. Олардың қатарында Қарулы күштердің Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның бірінші орынбасары және жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, екі әскери бөлімнің, батальон мен теңіз жаяу әскері ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.

Бас прокуратураның мәліметінше, жақын уақытта тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр.

Ал сотқа дейінгі тергеудің өзге де мәліметтері Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру