Фото авторы: Алматы әкімдігі
Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту және бейімдеу бағытындағы бағдарламаның бірі - «JOBCOACH» жобасы. Жыл басынан бері мегаполисте мүгедектігі бар 1 620 адам осы жоба аясында жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан.
Сонымен қатар, 2030 жылға дейін 34 мың қалалық инфрақұрылым нысанын бейімдеу мақсатында паспорттау жұмыстары жүргізілуде. Бұл процесті «Цифрлық инклюзия» платформасы арқылы қадағалау қамтамасыз етіледі.
«Әлеуметтік қызмет көрсету саласында 9 медициналық-әлеуметтік мекеме, 14 үкіметтік емес ұйым және аудандық әкімдіктердің 8 үйде қызмет көрсету бөлімшесі лицензияланған. Жыл сайын 7 мың қызмет алушы қамтылады. Сондай-ақ, 1,6 мың әлеуметтік қызметкерге еңбекақысының 30 %-ы мөлшерінде ынталандыру үстемақысы енгізілді», - деді Нұрлан Әбдірахым.
2026 жылдың алғашқы жартысында мыңнан астам маман біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бағдарламаның басты мақсаты – олардың кәсіби шеберлігін жоғарылатып, заманауи әдістемелерді қолданысқа енгізу арқылы қызмет көрсету сапасын жақсарту.
Алматы қаласында бірнеше әлеуметтік орталық белсенді жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында даму ауытқуы бар 3 жасқа дейінгі балаларға көмек көрсететін «Ерте араласу орталығы», отбасыларға қолдау беретін «Отбасыны қолдау орталығы», сондай-ақ 24 мың зейнеткерге әртүрлі әлеуметтік қызмет түрлерін ұсынатын «Белсенді ұзақ өмір орталығы» бар.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 150 орындық оңалту орталығының жобалау жұмыстары аяқталып келеді. Орталықта балалар мен ересектерге арналған қызметтер көрсетілетін болады. Жобаны іске асыру 2026 жылы басталады. Сонымен қатар, Наурызбай, Бостандық және Медеу аудандарында жаңа оңалту орталықтарын ашу жоспарлануда, олардың жалпы қамтуы 200 адамға дейін жетеді», - деп сөзін қорытындылады Нұрлан Әбдірахым.
Пікір жоқ