Қоғам

18-27 жастағы 23 мыңға жуық ер азамат күзгі әскерге шақырылады

18-27 жастағы 23 мыңға жуық ер азамат күзгі әскерге шақырылады

Фото авторы: Әлеуметтік желі




Президент жарлығы бойынша Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Оның аясында қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмысқа кірісті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

2026 жылғы желтоқсан айының соңына дейін әскери қызметтен кейінге қалдыруға немесе босатылуға негізі жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық ер азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады.

 Олардың ішінде:

12 мыңнан астамы – қарулы күштерге;

7 мыңы – ұлттық ұланға;

3 мыңы – ҰҚК шекара қызметіне;

400-ден астамы – төтенше жағдайлар министрлігіне;

300-ге жуығы – мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.

Әскерге шақыру цифрландырылып жатыр

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, «Цифрлық шақыру» жүйесі мен «Smart военкомат» жобасының арқасында әскерге шақыру және әскери есепке алу қызметтерінің басым бөлігі проактивті форматта көрсетіледі.

Тұрғылықты жері өзгерген кезде азаматтарды әскери есепке қою, 17 жастағы бозбалаларды тіркеу, сонымен қатар әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскери қызметтен босату қызметтері автоматтандырылған. Әскери есепке қатысты барлық ақпарат азаматтарға eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы қолжетімді.

Сарбаздарға қандай мүмкіндіктер беріледі?

Қорғаныс ведомствосы мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Әскери қызмет кезінде сарбаздар әскери-есептік мамандықпен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгере алады. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы және басқа да мамандықтар бар.

Бұдан бөлек, сарбаздарға әскери қызмет өткеру кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар олар ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім беру гранты арқылы жоғары оқу орнына түсе алады. 

Қорғаныс министрлігі әскери қызметті ұйымдастыру сапасын арттыру, цифрлық сервистерді дамыту және сарбаздардың ата-аналарымен байланысты нығайту бағытындағы жобаларды іске асырып келеді. Ведомство қызмет өткеру қауіпсіздігіне, қарулы күштердің ашықтығына және әскери қызметшілерге заманауи әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасауға басымдық беріп отыр. 

Мерзімді әскери қызмет елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Әскерде дайындықтан өткен сарбаздар мемлекеттің жұмылдыру резервін қалыптастырады.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру