Қоғам

Жетісайдағы өрт: Аман қалған үш адамның жағдайы ауыр

Echo

Фото авторы: ғаламтордан




Оқиға орнына барған облыс басшылығы қаза тапқан екі отбасыға қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Қайғылы оқиға таңғы сағат бестер шамасында болған. Өрт салдарынан 12 адам қайтыс болды, олардың тоғызын балалар құрайды.

Отқа оранғандар – бір әулеттің мүшелері. Олар көршілес ауылдағы сүндет тойдан қайтып келе жатып, Алғабаста тұратын туыстарының үйінде қонақтап қалған көрінеді. Құрбан болған тоғыз баланың үлкені 16 жаста, ең кішісі бір жаста болған. Қалғандары – мектеп жасындағы бүлдіршіндер. Көршілерінің айтуынша, бұл отбасы осы үйге үш жыл бұрын ғана көшіп келген.

«Өрт тоқтан шықты деп естідім. Ішінде дым қалмаған, адамнан ешкім жоқ, бәрі жанып кеткен. Барлығы жанған, 100 пайыз»-дейді көршісі Қайырберген Божымбетов.

Оқиғаның тағы бір куәгері таңғы сағат 5-те үйден бір келіншектің көмек сұрап, жан дауысы шыққанын айтады. Екінші қабаттағы терезеден көмекке шақырып айқайлаған әйел де көз жұмды.

«Бүкіл құзіретті органдар тергеу жасап, себебін анықтап жатыр. Жерлеу рәсіміне қатысты әкімшіліктің тарапынан бүкіл көмек көрсетіп жатырмыз. Эксперттер жұмыс істеп жатыр. Бірақ газ қазандықтары сыртта орналасқан екен, газбен қатысты емес сияқты. Психологтар келді – отбасы үшін қиын жағдай. Бүкіл шығындарын көтереміз»,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов.

Қайғылы жағдайға қатысты «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті шаралар жүргізіліп жатыр. Полиция тергеу нәтижесімен процестік шешім қабылданатынын жеткізді.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру