Қоғам

Ұлытау облысында Қазақстан ТЖМ бірінші авиациялық жасағы пайдалануға берілді

Echo

Фото авторы: ҚР ТЖМ




Ұлытау облысында Қазақстан ТЖМ бірінші авиациялық жасағының және авиациялық техниканы орналастыру және оларға қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған ұшақжайдың ашылуы өтті. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Салтанатты рәсімге Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, сондай-ақ Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қатысты.

Жобаны іске асыру Мемлекет басшысының қолдауымен қамтамасыз етілді. 2024 жылы ТЖМ әуе паркі алты тікұшақ және үш ұшақпен толықты.

ТЖМ басшысының айтуы бойынша, жыл соңына дейін тағы бір авиация техникасы жеткізіледі деп жоспарланған. Бұл шаралар ел өңірлерінде 20 авиациялық құтқару жасағын құруға және төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін арттыруға бағытталған.

Жаңа ұшақжай персоналдың заманауи талаптарына сәйкес тұрғызылған және әуе кемелеріне толық техникалық қызмет көрсету құралдарымен жабдықталған. Ұлытау ТЖМ-ның алғашқы авиациялық орталығы болды. Осыған ұқсас нысандарды салу жұмыстары 19 өңірде жалғасып жатыр.

Айта кетейік, жоба бюджет қаражатын пайдаланбай, толықтай «Қазақмыс» компаниясының демеушілік қолдауы есебінен жүзеге асырылды.



Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру