Фото авторы: ғаламтордан
Президенттің бейнеүндеуі оның барлық әлеуметтік желідегі аккаунттарында жария болды.
Зеленскийдің айтуынша, Украина қазір тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірін өткеріп жатыр. Ол алда тұрған апта ел үшін «аса қиын» болуы мүмкін екенін ескертті.
«Қазіргі таңда Украина өте күрделі таңдау жасау қаупімен бетпе-бет келуі ықтимал: абыройын жоғалту қаупі, басты әріптестен айрылу қаупі, ұсынылған 28 тармақтың ауыр талаптары немесе ең қиын қыс. Біз даңғойлыққа салынбаймыз, Америкамен және өзге де серіктестерімізбен сабырмен әрі жүйелі түрде жұмыс жүргізе береміз», – деді ол.
Президент қандай жағдай туындаса да елдің басты құндылықтары сақталуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
«Жоспардағы барлық тармақ талқыланғанда екі нәрсенің назардан тыс қалмауына бар күшімді саламын. Олар – украин халқының ар-намысы мен еркіндігі. Өйткені бәрінің негізі осы: біздің тәуелсіздігіміз, егемендігіміз, жеріміз, халқымыз және келешегіміз», – деді Зеленский.
Сонымен қатар ол ішкі саяси күштерді қақтығыстарды тоқтатуға және елдің мүддесін бәрінен жоғары қоюға үндеді.
«Барлық саясаткерлерді сабырға келуге, қажетсіз айғай-шудан бас тартуға шақырамын. Украинада кімнің жау екенін ұмытпау керек. Мемлекет соғыс жағдайында бірлесіп жұмыс істеуі тиіс: парламент те, үкімет те тиімді шешім қабылдауы қажет», – деді президент.
Зеленский Украина ұлттық мүддесін сатпайтынын, серіктестерімен бірлесіп конструктивті ұсыныстар іздейтінін айтты.
Президенттің айтуынша, алдағы күндері маңызды шешімдер мен оқиғалар көп болмақ.
Пікір жоқ