Фото авторы: Kevin Dietsch / Getty Images
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға қатысты Вашингтон әзірлеген жаңа бітім ұсынысына қатысты пікір білдірді. Ол бұл жөнінде 7 желтоқсанда Вашингтонда өткен Кеннеди орталығы сыйлығын тапсыру рәсімінде журналистердің сұрақтарына жауап берген кезде айтты, деп хабарлайды Newmedia.kz тілшісі DW-ға сілтеме жасап.
Трамптың сөзінше, АҚШ өткен аптадағы келіссөздерден кейін Ресей президенті Владимир Путинмен де, Украина басшыларымен де байланыс орнатқан.
«Соңғы ұсыныспен Зеленскийдің командасы таныс, олар оны қолдайды. Бірақ бірнеше сағат бұрынғы мәлімет бойынша, президент Зеленскийдің өзі әлі құжатты оқымағаны таңқалдырды. Ресей бұл ұсынысты жалпы қабылдауға дайын секілді. Әрине, олар тұтас Украинаны алғысы келеді, бірақ бұл нұсқа олар үшін де қолайлы болуы мүмкін. Ал Зеленскийдің қалай қарайтынына сенімді емеспін», – деді Трамп YouTube-те жарияланған бейнеүндеуде.
Осыған байланысты Украина президенті Владимир Зеленский 7 желтоқсан кешке Telegram-арнасында АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. Ол америкалық делегацияның Украина ұстанымдарын жақсы меңгергенін және келіссөздердің «қиын болғанымен, конструктивті рухта» өткені туралы айтты. Зеленскийдің сөзіне қарағанда, Майамидегі келіссөздерге қатысқан Украина Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рустем Умеров пен Бас штаб бастығы Андрей Гнатов нәтижелер жөнінде толық мәлімет ұсынбақ. Ал өзі Брюссель мен Лондонға барып, еуропалық жетекшілермен кеңес өткізуді көздеп отыр.
АҚШ: Бітім негізгі екі шартқа тәуелді
6 желтоқсанда АҚШ президентінің Украина мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог соғысты тоқтату «өте жақын» екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, шешуші екі түйткіл – Донбастың мәртебесі және Запорожье атом электр станциясының келешегі.
Ал алғашқы америкалық ұсынысқа сәйкес, ЗАЭС жұмысы Халықаралық атом энергиясы агенттігінің бақылауымен қайта жандандырылып, өндірілген электр энергиясы Ресей мен Украина арасында бөлінуі қажет.
Ресей бақылауындағы жерлер
Reuters мәліметіне сүйенсек, Ресей қазір Украина аумағының 19,2 пайызын ұстап отыр. Бұл жерлерге аннексияланған Қырым, Луганск облысының толық аумағы, Донецк облысының 80 пайыздан астамы, сондай-ақ Херсон мен Запорожье облыстарының шамамен 75 пайызы кіреді. Бұдан өзге, Ресей Харьков, Сумы, Николаев және Днепропетров облыстарының кей тұстарын да бақылауда ұстап тұр.
Батыс елдерінің кездесуі
8 желтоқсанда Германия, Франция және Ұлыбритания басшылары Лондонда бас қосып, Майамидегі келіссөздерден кейінгі алдағы қадамдарды талқылауды жоспарлап отыр.
Пікір жоқ