Фото авторы: газета.ру
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен сауда-экономикалық қатынас жүргізетін барлық мемлекеттерге қатысты 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізу туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы Newmedia порталы хабарлады.
Трамп бұл мәлімдемесін Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған.
«Осы сәттен бастап Иран Ислам Республикасымен бизнес жүргізетін кез келген ел АҚШ-пен жасалатын барлық коммерциялық операциялар бойынша 25 пайыздық кедендік баж салығын төлейді. Бұл шешім түпкілікті және қайта қарауға жатпайды», — деп жазды Ақ үй басшысы 12 қаңтар күні.
Дональд Трамптың айтуынша, бұл шара Иран үкіметіне қысым көрсету мақсатында қабылданған. Ол Иран билігінің ел ішіндегі наразылық акцияларын күшпен басып отырғанын атап өтіп, бұған дейін наразылық білдірушілерді қолдайтынын мәлімдеген болатын.
Bloomberg агенттігінің дерегінше, Иранның негізгі сауда серіктестері қатарында Қытай, Үндістан және Түркия бар. Агенттік мәліметінше, Қытай тауарларына қосымша 25 пайыздық тариф енгізу Трамптың өткен жылдың соңында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен қол жеткізген сауда келісіміне қауіп төндіруі мүмкін.
Иранда жаппай наразылықтар желтоқсан айының соңынан бері жалғасып келеді. Толқулар бастапқыда ұлттық валютаның күрт құнсыздануы мен елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауынан басталған. Кейбір қалаларда митингілер құқық қорғау органдарымен қақтығысқа ұласып, саяси жүйеге қарсы ұрандар да көтерілген.
Iran Human Rights құқық қорғау ұйымының мәліметінше, 12 қаңтардағы дерек бойынша, Иран билігінің наразылықтарды басу кезінде кемінде 648 адам қаза тапқан, олардың ішінде тоғыз кәмелетке толмаған бала бар. Ал ұйымның алдын ала бағалауынша, құрбандар саны 6 мыңнан асуы мүмкін.
Құқық қорғаушылар Иранда 100 сағаттан астам уақытқа созылған интернет бұғаттауы салдарынан ақпаратты тәуелсіз тексеру қиынға соғып отырғанын атап өтті. Олардың мәліметінше, елде шамамен 10 мыңға жуық адам қамауға алынған.
Пікір жоқ