Қоғам

Талғарда тағы трагедия: 11-сынып оқушысы 14 жастағы жасөспірімге әлімжеттік көрсетемін деп өлтіріп алды

Echo

Фото авторы: istockphoto.com




Оқиға 13 қыркүйек күні кешкі сағат 22:00 шамасында Талғар ауданының Қызылту ауылында болған. Әкесі Данияр Нұрғалиевтің айтуынша, оның Әлихан есімді ұлы 9-сынып оқушысы. Кешкілік уақытта анасы үйге қайтуын сұраған соң ол досымен бірге қайтып келе жатқан. Кенет «Ана мен сәби» дүкенінің маңында алдынан 11-сынып оқитын 4 жігіт шығып, оны ешқандай камера жоқ, қараңғы жерге алып кеткен. 

«Мен жүгіріп жеткенімде баламның қасында он шақты адам тұрды. «Не болды?» деп сұрағанымда, олар «Балаңыз еш себепсіз өзінен өзі құлап қалды» деп жауап берді», – деді қаза тапқан баланың әкесі Данияр Нұрғалиев.

Жақындары Әлиханның соққыға жығылғанына сенімді. Әкесінің айтуынша, дүкен камерасынан түсірілген видеода бір топ жоғары сынып оқушысы баланы тоқтатып, қараңғы көшеге қарай ертіп кеткені анық көрінеді.

«Біз баланы жансақтау бөліміне жеткізіп, есінен танып қалған себебін сұрағанымызда, дәрігерлер оның соққы алғанын айтты. Менің ойымша, олар оны әдейі қараңғы көшеге апарған. Тіпті күдіктілердің өз достарына «Қазір Әлиханды ұстап алып, ұрамыз» дегенін естігендер бар», - деді Данияр Нұрғалиев.

Талғар аудандық полициясы қылмыстық іс қозғады. Бір жасөспірім ұсталған. Марқұмның туыстары істі қайта саралауды және барлық қатысы бар адамды жауапқа тартуды талап етеді.

«Кәмелетке толмағанға дене жарақатын салып, оның өліміне әкелген факті бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Күдікті кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот шешімімен оған қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды», – деді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру