Қоғам

Талғарда әкесі 15 жастағы қызын пышақтап өлтірді

Echo

Фото авторы: politico.kz




Оқиға 10 қарашада шамамен кешкі алты шамасында орын алған. Марқұмның туысы Әсел Сағатованың айтуынша, әкесі су ішу үшін асүйге кіргенде, қызы тамақ әзірлеп жатқан. Сол кезде әкесі мен қызы арасында жанжал туындап, ашуға бой алдырған ер адам жасөспірімге 16 рет пышақ сұққан. Қыз алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Қайғылы сәтте үйде ешкім болмаған: анасы жұмыста, ал екі бауыры сабақта болған.

Туыстарының сөзінше, әке мен қыз арасындағы келіспеушіліктер біраз уақыт бойы жалғасып келген. Карантин басталғалы әкесі жұмыссыз қалып, отбасының барлық жауапкершілігі анасына түскен. Марқұм - отбасындағы ортаншы қыз. Белгілі болғандай, жасөспірім әкесі үйге мас келіп, жанжал шығарғанда бірнеше рет полиция шақырған, сондықтан әкесі оған реніш сақтап жүрген болуы мүмкін деген пікір бар.

Ер адам есін жиғаннан кейін туыстарына өзі хабарласып, істеген ісіне өкініш білдірген. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Полицияға берген жауабында ол: «Ол мені алқаш деп айтты. Одан кейін не істеп, не қойғанымды өзім түсінбеймін», – деген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның анасы полиция жұмысына наразы екенін айтып, басқа пікір білдіруден бас тартты. Туыстары қыздың суретін жарияламауды сұрады.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру