Әлем

Шри-Ланкада ірі су тасқынынан жүзден астам қаза тапты

Echo

Фото авторы: Eranga Jayawardena




Шри-Ланкада «Дитва» циклоны салдарынан 20 жылдан бері болмаған ең ірі су тасқыны болды, деп хабарлайды Newmedia.kz тілшісі Bloomberg-ке сілтеме жасап.

Толассыз жауған жаңбыр мен тасқын салдарынан 132 адамның өмірі қиылып, тағы 176 адамның қайда екені белгісіз болып отыр.

Елдің төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы қауіп деңгейінің өте жоғары екенін мәлімдеп, халықты сақтыққа шақырды. AFP агенттігі таратқан дерекке сәйкес, шамамен 44 мыңға жуық тұрғын үйсіз қалып, эвакуацияланған. 28 қарашада президент Анура Кумара Диссанаяке ел аумағында төтенше жағдай режимін жариялады.

Қауіпті ахуалға байланысты Шри-Ланка парламентіндегі бюджет қарауы уақытша тоқтатылып, Коломбо қор биржасы сауда жүргізу уақытын қысқартты. Төмен орналасқан аймақтарда, әсіресе Келани өзенінің бойында тұратын тұрғындарға биік жерге көшу ескертілді. Мектептер мен мемлекеттік ұйымдар уақытша жұмысын тоқтатты.

Билік әскерилерді тартып, су басқан аумақтардағы азаматтарды тікұшақтар мен қайықтар арқылы қауіпсіз аймақтарға көшіруде. 29 қарашада әскери-теңіз күштері автобуста қалып қойған 40 адамды құтқарған. Электр желісі зақымданған өңірлерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру