Қоғам

СҚО-да өрттен ер адам мен бала қаза тапты, тағы бір бала іздестірілуде

Echo

Фото авторы: желі




СҚО-да өрттен ер адам мен бала қаза тапты, тағы бір бала іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды Newmedia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында жеке тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан бір ер адам мен бір бала көз жұмды. Тағы бір кәмелетке толмаған баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, қайғылы оқиға 11 қаңтар күні кешкі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Майбалық ауылында болған. Жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар 101 пультіне түскеннен кейін оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел түрде жіберілген.

Құтқарушылар келген сәтте тұрғын үйдің толықтай отқа оранып, дерлік қирап қалғаны анықталған. Үй иесінің айтуынша, өрт шыққан кезде үй ішінде оның жұбайы мен екі кәмелетке толмаған баласы болған.

Өртті сөндіру және үйінділерді тазалау барысында құтқарушылар ер адамның және бір баланың мәйітін тапты. Қазіргі уақытта екінші баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Өрт 64 шаршы метр аумақты қамтыған. Оны сөндіруге ТЖД-ның 24 қызметкері мен 6 техникасы, сондай-ақ «Агрофирма» ЖШС-нің ерікті өртке қарсы тобы жұмылдырылған.

Оқиғаның себептері анықталып жатыр.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру