Қоғам

СҚО: Ауыл мектептерінің 98%-ы интернетке қосылды

Echo

Фото авторы: СҚО әкімінің баспасөз қызметі




Солтүстік Қазақстан облысында цифрлық технологиялар білім беру саласының маңызды құрамдас бөлігіне айналуда. Бұл жайында өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, қазір ауылдық елді мекендердің 98 пайызы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген.

Бұл ауыл мектептеріне қаладағы білім беру орындарымен тең дәрежеде бірдей цифрлық сервистерді пайдалануға жол ашып отыр.

Әкімнің айтуынша, президент Жолдауында цифрландыру мен адам капиталын дамыту басты міндеттердің қатарында атап өтілген. Осы бағыт бойынша өңірде алдағы бес жылға арналған цифрлық даму стратегиясы дайындалған. Құжатта цифрлық инфрақұрылымды нығайту, экономиканың түрлі салаларын жаңғырту және халықтың цифрлық сауаттылығын көтеру мәселелері қамтылған.

Бүгінде СҚО мектептерінде электрондық күнделік, онлайн-білім беру платформалары, робототехника сыныптары мен медиастудиялар қалыпты түрде жұмыс істейді. Осы негізде жасанды интеллект технологиялары қолданылатын пилоттық жобалар да іске асырылуда. Маңыздысы – бұл мүмкіндіктер тек қалалық мектептермен шектелмей, ауыл оқушыларына да бірдей қолжетімді болуы қажет.

Ғаузез Нұрмұхамбетов атап өткендей, өңірде ІТ мен креативті индустрияны тоғыстыратын «Қызылжар креатив орталығы» тиімді қызмет етіп жатыр. Мұнда дарынды жастарға арналған инновациялық орта қалыптасқан. Аграрлы аймақ болғандықтан, ауылдық аумақтарды цифрландыру ерекше маңызға ие. Жуырда аудандардың бірінде алғашқы «Айти-центр» іске қосылып, алдағы уақытта мұндай орталықтар барлық аудандарда ашылмақ.

Осындай креатив және білім беру бағытындағы орталықтар ауыл мектептерінің оқушылары үшін цифрлық дүниеге ашылған жаңа мүмкіндік болып отыр: олар бағдарламалау, графикалық дизайн, деректерді өңдеу және жасанды интеллект құралдарын меңгеріп келеді. Солтүстік Қазақстан облысы осы қадамдардың арқасында шынайы «цифрлы өңір» моделін қалыптастыру үстінде. Мұнда интернет те, жасанды интеллект те формальды көрсеткіш үшін емес, балаларға, ұстаздарға және ауыл қауымдастықтарына нақты пайда әкелу үшін қолданылады.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру