Фото авторы: ғаламтордан
Бірер апта бұрын Алматы облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалған Қанат Есболатовтың мүгедектігі бар жандарға қатысты айтқан сөзі желі жұртының ашуын туғызды, деп хабарлайды Newmedia.kz.
Бұл жағдай Талғар ауданында өткен денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен кездесуде болды.
Кездесу соңында министрдің жеке қабылдауына жазылушылар тым көп болғандықтан, Есболатов жұртты тыныштыққа шақырып, «алдымен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жазайық, оларды Құдайдың өзі жазалаған...» деген мазмұндағы сөз айтып қалды. Оның бұл пікірі әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, қоғамдық сынға ұшырады.
Пікір қалдырушылар Есболатовтың мүгедектігі бар адамдарға қатысты дұрыс емес термин қолданғанын және мемлекеттік қызметкерге тән этиканы сақтамағанын атап өтті.
11 қарашада ғана облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметіне кіріскен Есболатов кейін әлеуметтік желіде кешірім сұрап, арнайы жазба жариялады.
Ол өз жазбасында былай деп түсіндірді:
«Әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты мәлімет беруді жөн көрдім. Денсаулық сақтау министрінің Талғардағы кездесуіне адам көп жиналды. Әрқайсысы маңызды мәселелерін көтеріп, сұрақтарын қоюға тырысты. Сол себепті кезек те ұзарып кетті.
Кездесуге регламент бойынша екі сағат бөлінген. Алайда сұрақтардың көптігінен жиын шамамен төрт сағатқа созылды.
Келгендердің арасында бірнеше мүмкіндігі шектеулі азамат болды. Олардың кейбірі тікесінен тік тұрып, кезегін күтіп тұрды. Сөйлейтін сәті келгенде, залдағы бірнеше адам оның сөзін бөліп, кедергі келтірді. Мен регламентті сақтауды сұрадым. Бірақ орыс тілінде айтқан сөзімде қате жіберіппін. Ойымды дұрыс жеткізе алмадым. “Құдай үлкен сынақ берген” деп айтқым келген.
Сөзім көпшілікке, тіпті кейбір азаматтардың намысына тиіп кеткенін түсіндім. Осы үшін шын көңілмен кешірім сұраймын», – деп жазды.
Пікір жоқ