Фото авторы: Информбюро
Астанада өткен жарыстан Семейге қайтып келе жатқан жаттықтырушы мен спортшылар отырған Toyota Avensis жүк көлігіне соқтығысты. Жарысқа қатысқан үш адам оқиға орнында көз жұмды. Қаза болғандардың ішінде 19 жастағы Азия чемпионы да бар. Ал жаттықтырушы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Жаттықтырушының айтуынша, барлық шығынды федерация көтерген, ал автобусты олар өздері жалға алған. Спортшылар саны көп болғандықтан, үш қатысушыны жаттықтырушының өз көлігіне отырғызуға тура келген.
Абай облысында жол апатынан қаза тапқан үш студенттің бірі — Нұрмағанбет Тұрарбектің туыстары бұл қайғылы жағдайға жарыс ұйымдастырушыларын кінәлап отыр. Марқұмның ағасы жарыстың ұйымдастырылуы өте нашар болды деп есептейді.
Оның айтуынша, егер үш студент «Мерседес Спринтер» көлігімен қайтқанында, мұндай апаттан аман қалуы мүмкін еді. Бауырынан айырылған ағасы ұйымдастырушылар ақшаны үнемдеу үшін чемпионатқа қатысушыларды қондырмай, түн ортасында жолға шығуға рұқсат бергенін алға тартты.
«Бізге әділдік керек. Себебі Қазақстан Республикасының аумағында облыстық, аудандық, қалалық шаралар, спорттық шаралар болсын бір талай шаралар өтіп жатыр ол жерлерде. Ешқандай спортшылардың жарысқа қатысушылардың болсын қалай кетіп жатқаны белгісіз. Сондықтан да бізге олардың болашақта бұндай жағдай қайталанбаса дегенді айтқымыз келіп отыр», — дейді Данияр Манарбеков.
Пікір жоқ