Фото авторы: T.me/SCAT_AIRLINES
SCAT әуе компаниясының Ақтөбе – Алматы бағытындағы рейсі кезінде бір жолаушының жағдайы кенеттен күрделеніп, көз жұмды. Тасымалдаушы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, оқиға ұшақ әуеге көтерілгеннен біраз уақыт өткен соң орын алған, деп жазады Newmedia.kz.
Компанияның хабарлауынша, бортсеріктер дереу алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге кіріскен. Ұшақта болған кардиолог та реанимациялық шараларға атсалысқан. Бірақ жолаушының хал-жағдайы тез нашарлап кеткен.
Экипаж командирі ұшақты шұғыл түрде кері бұрып, оны қайтадан Ақтөбе әуежайына қондыру туралы шешім қабылдаған. Әуе лайнері мәжбүрлі қонған соң әйел жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылған.
Медициналық мекемеде дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады. Қазіргі уақытта марқұмның жеке тұлғасы мен денсаулығының күрт нашарлау себебі анықталып жатыр.
Әуе компаниясы марқұмның жақындарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасты.
Пікір жоқ