Қоғам

Сәтпаевта ер адам қыздың жалған интим-видеоларын таратқан

Echo

Фото авторы: видеодан скриншот




Сәтпаев қаласының тұрғыны бір қызды және оның отбасын небәрі әлеуметтік желідегі хат алмасудан бас тартқаны үшін бес жылға жуық уақыт бойы қорқытып келген, -деп хабарлайды Newmedia.kz

Полиция мәліметінше, күдікті бірнеше жалған аккаунт пен аноним парақшалар арқылы жүйелі түрде қысым жасаған. Алдымен қорқыту, бопсалау және жалған ақпарат тарату әрекеттері басталған. Кейін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, нақты адамдардың сырт келбетін қолдан жасалған интим сипаттағы фото және бейнематериалдарға «жапсырып», жалған контент жасаған.

Бұл фейк материалдар қыздың туыстарына, таныстарына және бөгде адамдарға таратылып, оның ар-намысы мен беделіне ауыр соққы болған. Полицияның хабарлауынша, 2023 жылы жәбірленушінің тұрмысқа шығатынын білген күдікті күйеу жігіттің отбасына жалған бейнематериалдар жіберген. Соның салдарынан құдалық бұзылған. Қыз әлеуметтік желілерден мүлде кетуге тырысқаннан кейін, шабуыл оның жақын туысына бағытталған.

Интернетте жалған анкета мен жалған материалдар пайда болып, отбасының, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне нақты қатер туындаған. Ұлытау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ұзақ уақыт бойы өзін «анониммін» деп есептеген адамды киберполиция заманауи цифрлық технологиялар мен аналитикалық құралдардың көмегімен анықтаған.

«Оперативтік іс-шаралар барысында онлайн қудалаудың артында тұрған нақты адам анықталды. Осылайша интернеттегі толық жасырындық туралы түсініктің жалған екені дәлелденді», – деп мәлімдеді полиция.
Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру