Фото авторы: roblox.com
Ресейде балалар жиі қолданатын онлайн-платформа Roblox-қа кіру мүмкіндігі шектелді. «Роскомнадзор» мұны сервисте экстремистік мазмұнның, зорлық-зомбылықты насихаттайтын және балаларға теріс ықпал ететін материалдардың таралуымен байланыстырды.
Ресейдің байланыс пен ақпараттық кеңістікті бақылауға жауапты мекемесі – «Роскомнадзор» Roblox онлайн-платформасына қолжетімділікті тоқтатқанын хабарлады. Ведомствоның айтуынша, сервисте экстремизм мен терроризмді дәріптейтін, зорлық-зомбылыққа итермелейтін, сондай-ақ ЛГБТ тақырыбындағы материалдар анықталған. Кейбір қолданушылар ойын ішіндегі арнайы жасалған «бөлмелерде» мектептерге шабуыл жасау немесе теракт ұйымдастыру секілді сценалар құрып, жасөспірімдер санасына зиян келтіретін контент таратқаны белгілі болды.
Мекеменің мәліметінде Roblox-та балаларды жыныстық қыспаққа алу, интимдік суреттерін алдап сұрау, түрлі азғындыққа немесе күш қолдануға итермелеу фактілері тіркелгені де айтылды. Мұндай жағдайлар Ресеймен шектелмей, өзге елдерде де байқалған.
«Роскомнадзор» 2019 жылдан бері платформаның әкімшілігіне бірнеше мәрте талап жолдап, тыйым салынған материалдарды жоюды сұрағанымен, Roblox-тың модерациялық жүйесі кәмелетке толмағандарды толық қорғай алмаған. Соның салдарынан зиянды әрі орынсыз мазмұнның таралуы жалғаса берген.
Пікір жоқ