Қоғам

RAMS компаниясы Алматыда ең биік ғимаратты салмайтын болды

Echo

Фото авторы: ramsqz.com




RAMS компаниясы ресми мәлімдемесінде жобадан 2025 жылдың қыркүйегінде кеткенін нақтылады.

«RAMS QAZAQSTAN компаниясы 2025 жылғы қыркүйектен бастап жұртшылыққа және бұқаралық ақпарат құралдарына Бас мердігер ретінде BEYOND ALMATY жобасын іске асыру бойынша қатысушылар құрамынан шығу туралы шешім қабылдағаны туралы хабарлайды. Компания жоғары сапа стандартын және орнықты даму қағидаттарын ұстануды сақтай отырып, девелопмент саласындағы басқа да маңызды бастамаларды іске асыруды жалғастырады», – делінген хабарламада. 

Сондай-ақ RAMS Beyond Almaty жобасына қатысты сұрақтарға жер телімінің иесі, әрі тапсырыс берушісі «BR Construction Qazaqstan» компаниясы жауап беретінін мәлімдеді.

Алматы қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметіне сәйкес, тапсырыс берушіге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 316-бабының 1-бөлігі (жобалық-сметалық құжаттамасыз немесе сараптамадан өтпеген құжаттамамен құрылыс жүргізу) және 321-бабы (техникалық және/немесе авторлық қадағалаусыз құрылыс жүргізу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Мәжіліс депутаттары RAMS Beyond Almaty жобасындағы 40 қабатты ғимараттың құрылысына тыйым салып, ол жерге сквер немесе әлеуметтік бағыттағы нысан салуды ұсынған.

Депутаттық сауалға берген жауабында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды аталған аумақта сквер немесе әлеуметтік объект тұрғызу жоспарда жоқ екенін жеткізді. Оның сөзінше, «жер телімі жеке меншікке тиесілі және құрылыс компаниясы 40 қабатты тұрғын үй кешеніне қатысты барлық архитектуралық-жоспарлау құжаттамасын және эскиздік жобаны алған».

Айта кетейік, 2025 жылдың 4 мамырында «RAMS Beyond Almaty» жобасының ресми таныстырылымы өткен еді. Ауқымды баспасөз конференциясы форматында өткен шараға әлемге белгілі түрік актері Бурак Озчивит арнайы келіп, жобаға ресми бренд-амбассадор ретінде қатысқан болатын.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру