Фото авторы: mediazona.ca
Бүгін, 30 қараша Қырғызстанда Жогорку Кенештің (Парламенттің) кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Бұған дейін екі ай бұрын Жогорку Кенеш өз өкілеттік мерзімі аяқталуына бір жыл қалғанда өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған, деп хабарлайды Newmedia.kz.
Қазан айында негізгі сайлауға дайындық аясында елдің барлық өңірінде сынақ ретінде дауыс беру ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта Қырғыз Республикасының Орталық сайлау комиссиясы үш саяси партиядан өтінім қабылдап отыр. Олар: «Кырк ууз», «Легаллайз» және «Ынтымак».
Сайлау жақындаған сайын билік оппозицияға қысымды күшейтіп, бірнеше тәуелсіз медиа ұйымының жұмысын тоқтатты. Сарапшылар бәсекелестік барын мойындағанымен, жаңа парламенттің президент Садыр Жапаровқа бұрынғыдан да бағынышты болатынын алға тартады.
Ресми түсіндіруге сәйкес, кезектен тыс сайлау өткізу парламенттік және президенттік сайлаулардың мерзімін бөлу қажеттілігімен байланысты.
RFI-дің хабарлауынша, президент сайлауы 2027 жылдың басында өтеді деп жоспарланған. Алайда тәуелсіз сарапшылар бұл шешім биліктің саяси тәуекелдерді азайтуға ұмтылуымен байланысты екенін айтады.
Саясаттанушы Эмиль Джураевтың пікірінше, билік элитасы үшін президенттік сайлау алдында тұрақты парламенттің болуы аса маңызды. Оның айтуынша, билік президенттік науқанға бір-екі ай қалғанда күтпеген «саяси тосынсыйлардан» сақтануды көздейді.
Пікір жоқ