Фото авторы: istockphoto.com
Қостанай облысында дәрігерлер арасындағы жанжал төбелеске ұласып, медицина қызметкері әріптесінің соққысына ұшырады. Оқиға 21 желтоқсанда Тобыл қаласындағы Қостанай аудандық ауруханасында болған. Бұл туралы облыстық «Құқық қорғау орталығы» мәлімдеді, - деп хабарлайды Newmedia.kz
Алдын ала мәлімет бойынша, терапевт дәрігер шап жарығына күдігі бар науқасқа кеңес алу үшін кезекші хирургты шақырған. Алайда телефон арқылы сөйлесу барысында хирург бұл шақыртуға наразылық білдірген. Кейінірек ол терапевтті ординатор бөлмесіне шақырып, сол жерде жанжал туындаған.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, сөзге келген әріптестер арасындағы кикілжің төбелеске ұласып, хирург терапевттің басы, беті мен мойын тұсына бірнеше рет соққы жасаған.
Зардап шеккен дәрігер оқиғаны жасырмай, полиция шақырып, ресми арыз жазған. Сонымен қатар ол дене жарақаттарын тіркеу үшін медициналық куәландырудан өткен.
Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады.
«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу нәтижесіне қарай процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомство.
Айта кетейік, Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекске 380-3-бапты енгізуді көздейтін заңға қол қойған.
Осы бапқа сәйкес:
Қорқыту үшін – 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
Өмірге қауіпті емес зорлық үшін – 1000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 2–3 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
Ауырлататын жағдайлар болса – жаза 7 жылға дейін;
Өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық үшін – 5–10 жылға дейін,
ал ауыр салдарға әкелсе – 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Пікір жоқ