Қоғам

Қазақмыс жаңа акционердің қолына көшеді

Echo

Фото авторы: Қазақмыс




«Қазақмыс» корпорациясы жаңа акционерге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға бақылау жүргізу құқығын өткізуді көздейтін келісімнің негіздемелік шартына қол қойылғанын хабарлады.

Компанияның баспасөз қызметі хабарлағандай, келісімге «Қазақмыс» президенті Владимир Ким мен Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың бірлескен шешімі негізінде қол қойылған. Құжаттың рәсімделуі бақылауды беру үдерісінің басталғанын көрсетеді. Алдағы уақытта бекітілген тәртіп бойынша келісім шеңберіндегі барлық қажетті шаралар атқарылып, компаниядағы үлесті сатып алу және сату жөніндегі келісімшарт жасалмақ.

Бұған қоса, Қазақстан заңнамасының талаптарын орындауға айрықша назар аударылады. Сала бойынша белгіленген ережелерге сай, тау-кен және металлургия саласындағы компания үлесінің не акциясының иесін өзгерту үшін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен, сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінен арнайы рұқсат алу қажет.

Сонымен бірге серіктестерге, кредиторларға, миноритарлық үлес иелеріне және өзге де мүдделі тараптарға ақпарат беру жұмыстары жүргізіледі. Бұл кезеңдер процестің ашық болуын, дер кезінде хабарландыруды және барлық нормативтік талаптарды, оның ішінде компания қызметіне қатысы бар тараптар алдындағы міндеттемелердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

- Қол қойылған құжатқа сәйкес, акционердің ауысуы өндірістік және операциялық процестерге, келісімшарттық міндеттемелерге, қызметкерлердің әлеуметтік кепілдіктеріне және жұмыс орындарының тұрақтылығына әсер етпейді. «Қазақмыстың» қызметі штаттық режимде, ал ағымдағы және перспективалық жобаларды іске асыру — қолданыстағы стратегиялық жоспарға сай жалғасады, — делінген хабарламада.



Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру