Қоғам

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» атты педагогикалық идеялар фестивалі өтуде

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» атты педагогикалық идеялар фестивалі өтуде

Фото авторы: Баспасөз қызметі




Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 2026 жылғы 20 мамыр мен 8 маусым аралығында «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» атты ауқымды педагогикалық идеялар фестивалі ұйымдастырылуда.


Фестиваль аясында халықаралық симпозиумдар, ғылыми конференциялар, директорлар форумы, цифрлық сауаттылыққа арналған воркшоптар және халықаралық ұйымдармен бірлескен пікірталас алаңдары өткізіліп, қазіргі білім беру жүйесінің өзекті мәселелері мен болашақ даму бағыттары жан-жақты талқылануда.

Іс-шараның негізгі мақсаты – білім беру саласындағы заманауи өзгерістерді саралау, ғылым мен мәдениетті ұштастыру, сондай-ақ халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар фестиваль аясында ұйымдастырылған «Халықаралық түрік мәдениеті, өнері және мәдени мұрасы» атты XX халықаралық симпозиум барысында түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптеуге ерекше назар аударылуда.

«Бүгінгі жаһандық өзгерістер жағдайында университет тек кәсіби кадр даярлайтын білім ордасы ғана емес, қоғамның интеллектуалдық әлеуетін, мәдени құндылықтарын және дүниетанымдық бағытын қалыптастыратын стратегиялық орталыққа айналуы қажет. Осы фестиваль аясында біз білім берудің жаңа архитектурасын тек академиялық реформалар тұрғысынан емес, тұлғаның жан-жақты дамуы, ұлттық құндылықтарды сақтау, әлеуметтік жауапкершілік пен заманауи ойлау мәдениетін қалыптастыру аясында қарастырып отырмыз. Біздің басты мақсатымыз – Қыздар университетін сапалы білім мен ұлттық тәрбиені үйлестіретін, инновациялық ойлайтын әрі бәсекеге қабілетті жас буынды тәрбиелейтін заманауи академиялық кеңістік ретінде дамыту»,– деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Суатай Сәбит Құрманжанұлы.

Фестиваль аясындағы кездесулер мен ғылыми алаңдар білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, жаңа серіктестіктер орнатуға, халықаралық тәжірибе алмасуға және білім мен ғылым саласындағы инновациялық бастамаларды дамытуға мүмкіндік беруде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ауқымды алаңдар болашақ педагогтердің кәсіби әлеуетін арттырып, білім беру саласының жаңа сапалық кезеңге өтуіне серпін береді.

 

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру