Қоғам

Медициналық техниканы отандық өнім ретінде сатқан күдікті елге қайтарылды

Медициналық техниканы отандық өнім ретінде сатқан күдікті елге қайтарылды

Фото авторы: видеодан скриншот




Аса ірі мөлшердегі алаяқтық және жалған медициналық бұйымдарды өндіру мен өткізу күдігіне ілінген Қазақстан азаматы Грузиядан елге жеткізілді, деп хабарлайды Newmedia.kz тілшісі Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Экстрадицияны Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігімен бірлесе жүзеге асырды.

Тергеу мәліметінше, күдікті мемлекеттік медициналық ұйымдардың жабдық сатып алу тендерлерінде артықшылыққа ие болу үшін отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.

Ол нақты өндіріс орнын ашпастан, медициналық техниканың Қазақстанда жасалатыны туралы уәкілетті органдарға жалған ақпарат берген деген күдікке ілінді.

Нәтижесінде шетелдік бөлшектерден құрастырылған медициналық техника мемлекеттік ұйымдарға отандық өнім ретінде сатылған. Тергеу дерегінше, мемлекетке келтірілген залал 4,5 миллиард теңгеден асады.

Күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған. Ол биыл наурызда Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бас прокуратураның мәліметінше, жыл басынан бері Грузиядан жеті адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі жымқыру қылмыстары бойынша іздеуде болған.

Пікір

    Пікір жоқ

Пікір қалдыру