Фото авторы: depositphotos.com
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты ел азаматтарын елге қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Ведомство мәліметінше, эвакуация басталғалы бері 12 әуе рейсі ұйымдастырылып, олардың көмегімен 3300-ден астам қазақстандық елге оралған.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Ирандағы қазақстандық дипломаттар 6 наурыз күні «Заркух» компаниясында жұмыс істейтін жеті Қазақстан азаматын иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлап отыр. Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломатиялық өкілдіктер Иран аумағында қалған осы компанияның 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырған. Олар автобуспен Иран-Армения шекарасы арқылы өткен.
Осылайша, бүгінге дейін Ираннан жалпы 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанға тағы 800-ден астам азамат жеткізілгені хабарланған болатын.
Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған. Тель-Авив бұл әрекеттің мақсаты Тегеранның ядролық қару жасауына жол бермеу екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, АҚШ президенті Дональд Трамп Иран флоты мен қорғаныс өнеркәсібіне соққы жасау ниеті бар екенін айтқан.
Жексенбіге қараған түні Иранның жоғары көсемі Әли Хаменеи қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль аумағына және Таяу Шығыста орналасқан АҚШ әскери базаларына соққы жасаған.
Пікір жоқ