Фото авторы: depositphotos.com
2 наурыздағы сауда-саттық барысында әлемдік мұнай бағасы күрт өсті. Бұған 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы және Ислам Республикасының жауап соққылары себеп болған, деп хабарлайды Newmedia.kz
Лондондағы ICE биржасында мамыр айына арналған Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 13,04 пайызға өсіп, барреліне 82,37 долларға жетті. Бұл көрсеткіш Астана уақыты бойынша таңғы сағат 04:00-дегі мәліметке сәйкес тіркелген.
Айта кетейік, бұған дейін Brent маркалы мұнай барреліне 82 доллардан жоғары деңгейде 2025 жылғы 16 қаңтарда саудаланған болатын.
Кейінірек баға өсімі біршама баяулап, 8,93 пайыз деңгейінде қалыптасты. Осылайша, мұнай баррелі 79,38 доллар шамасында саудаланды.
Сарапшылардың пікірінше, бағаның күрт көтерілуіне Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың ушығуы әсер еткен. Ормуз бұғазы ресми түрде жабылмағанымен, үш танкер соққыға ұшырағаны хабарланды. Сонымен қатар, ірі мұнай компаниялары мен трейдерлер мұнай және жанармай жеткізілімін уақытша тоқтатқаны белгілі болды.
Мәліметтерге сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз трафигі 38–50 пайызға дейін төмендеген. Бұл өз кезегінде әлемдік энергетикалық нарықтағы тұрақсыздықты күшейтіп отыр.
Қазіргі уақытта инвесторлар аймақтағы жағдайдың одан әрі қалай өрбитінін бақылауда ұстап отыр. Геосаяси тәуекелдердің артуы мұнай бағасының қысқа мерзімде құбылмалы болуына ықпал етуі мүмкін.
Пікір жоқ