Фото авторы: ғаламтордан
Гонконг билігі Тай По тұрғын үй кешенінде болған жойқын өрттің құрбандарын еске алу мақсатында сенбіден бастап қалада үш күндік аза тұту жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды SCMP.
Мемлекеттік барлық мекемелерде Қытай мен Гонконгтың жалаулары дүйсенбіге дейін төмен түсіріліп, ресми іс-шаралар уақытша тоқтатылады не кейінге қалдырылады. Қала жұртшылығы 18 ауданға қойылған арнайы көңіл айту кітаптарына 9:00–21:00 аралығында жазба қалдыра алады.
Қауіпсіздік хатшысы Крис Тан Пин Кың хабарлаған соңғы мәліметтер бойынша, өрттен 128 адам қаза тапқан, шамамен 200 адам әлі іздестірілуде. Жеті кварталды қамтыған жалынды өшіру 43 сағатқа созылған. Құрбан болғандардың 39-ының тұлғасы анықталды, ал қалған денелер қатты күйгендіктен, сәйкестендіру жұмыстары жалғасуда.
Билік зардап шеккендерге бөлінетін қаржылай қолдауды да арттырды: әрбір қаза тапқан адамның туыстарына 200 мың гонконг доллары төленеді, ал 50 мың гонконг доллар көлеміндегі қосымша көмектер келесі аптадан бастап беріледі. Мемлекет кремация мен жерлеу рәсімдерінің шығындарын өз мойнына алады, ал тазалық департаменті кремация алаңдарын және колумбарийлерді дайындайды.
Тұрғындар да қайғылы оқиғадан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына белсенді қатысып жатыр, ал билік өрттің шығу себебін анықтау мақсатында тергеу жүргізуде. Қазіргі уақытта 11 адам қамауға алынған.
Сенбі таңғы 08:00-де қала басшысы Джон Ли Ка-Чиу министрлер кабинетінің мүшелерімен бірге құрбандарды еске алып, үш минут үнсіз тұрады.
Бұған дейін Гонконгта соңғы жетпіс жылда болмаған ең ауқымды өрттің сөндірілгені хабарланған еді.
Еске сала кетсек, Wang Fuk Court тұрғын үй кешеніндегі өрт қала тарихындағы ең ауыр тұрғын үй апатына айналды. Тілсіз жау ғимаратқа жөндеу жұмыстары үшін қойылған бамбуктан жасалған құрылыс құрылымдары арқылы таралған. Кешенде шамамен екі мың пәтер болып, төрт мыңға жуық адам тұрған. Өртке құрылыс панельдерінің үстіне лақтырылған темекі шоғы себеп болуы мүмкін деген болжам бар.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қаза тапқандардың және зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтып, терең қайғысын білдірді.
Пікір жоқ