Фото авторы: ndtv.com
Үндістанның Гоа жағалау аймағындағы танымал түнгі клубта болған өрттен кемінде 23 адам қаза тапты, деп хабарлады жергілікті билік. Бұл туралы ВВС жазды.
Қайтыс болғандардың басым бөлігі — Солтүстік Гоадағы Арпора елді мекеніндегі клубтың қызметкерлері, сондай-ақ қаза тапқандар арасында туристер де бар.
Полицияның хабарлауынша, алдымен клубтың ас үйінде газ баллоны жарылып, содан кейін басталған өрт бүкіл мекемені шарпып кеткен.
«Бүгін біз үшін өте қайғылы күн», деді Гоа бас министрі Прамод Савант өз мәлімдемесінде.
Ал Гоа полициясының бастығы Шри Алок Кумардың айтуынша, мәйіттердің көбі асхана маңынан табылған, бұл құрбандардың клубта жұмыс істегенін көрсетеді.
«Өрт негізінен бірінші қабаттағы асхана маңында болған. Өрт түн ортасында шықты. Қазір ол бақылауға алынды», деді ол.
Indian Express мәліметінше, өрт Бага жағалауында орналасқан Birch by Romeo Lane деп аталатын клубта болған. Бұл жағалау — өңірдегі ең танымал демалыс орындарының бірі. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, жексенбі таңында құтқару операциялары әлі де жүргізіліп жатқан.
Др. Савант журналистерге берген түсініктемесінде үш адамның күйік салдарынан, ал қалғандарының түтіннен тұншығып көз жұмғанын айтты.
Өрт кезінде сондай-ақ үш-төрт турист мерт болғаны белгілі болды. Олардың жас ерекшелігі мен азаматтығы әзірге анықталмаған.
Бас министр апаттың себебін анықтау мақсатында ресми тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Құқық бұзушылар заң аясында ең қатаң жазаланатын болады - кез келген салғырттық жауапкершілігі қатал қарастырылады. Мен терең қайғырып, осы қайғылы жағдайда барлық зардап шеккен отбасыларға шын жүректен көңіл айтамын», деді Др. Савант.
Гоа - Араб теңізіндегі бұрынғы португалиялық колония. Оның түнгі өмірі, құмды жағажайлары мен демалыс орындары жыл сайын миллиондаған туристтерді өзіне тартып келеді.
Пікір жоқ