Фото авторы: желі
Қазақстанның тұңғыш бас мүфтиі, көрнекті дінтанушы ғалым Рәтбек қажы Нысанбайұлы 86 жасқа қараған шағында дүниеден озды, - деп хабарлайды Newmedia.kz
Бұл қайғылы ақпаратты жазушы әрі дінтанушы Бейбіт Сапаралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Ережеп айының соңғы жұма күні, миғраж кешінен кейін Қазақ елінің тәуелсіздік алғаннан бергі тұңғыш бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алғашқы төрағасы Рәтбек қажы Нысанбайұлының бұл фәни жалғандағы соңғы демі үзіліп, Раббысына қайтты», – деп жазды ол.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1940 жылғы 14 қарашада Түркістан облысының Сарыағаш ауданында дүниеге келген. Ол – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізін қалаған тұлға, белгілі дін қайраткері және ғалым. Сонымен қатар Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының құрметті профессоры атанған.
1975 жылы Ливиядағы университетті үздік тәмамдаған. Рәтбек қажы жеті тілді, соның ішінде араб, ағылшын және неміс тілдерін еркін меңгерген білікті маман болды.
ҚМДБ төрағасы қызметін атқарған жылдары діни сауаттылықты арттыруға, имамдардың білімін жетілдіруге және ағартушылық бағыттағы жұмыстарға ерекше мән берді. Оның бастамасымен Түркия мен Мысыр елдерінде 600-ге жуық имам білім алып, елге оралып, діни салада қызмет етті.
Пікір жоқ