Қазақстанда әскери билеттерді беру, азаматтарды әскери есепке қою және әскери қызмет туралы мәліметтерді түзету тәртібі жаңарды. Қорғаныс министрінің 2026 жылғы 21 қазандағы №1232 бұйрығы 14 қарашадан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Newmedia.kz
Әскери билеттер кімге беріледі?
Құжатқа сәйкес, бейбіт уақытта әскери билеттер мына азаматтарға беріледі:
- Қорғаныс министрлігінің жергілікті әскери басқару органдарында (ЖӘБО) Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға әскери қызметке немесе әскери жиындарға шақырылған кезде;
- әскери және арнаулы оқу орындарына оқуға қабылданған кезде;
- мамандандырылған ұйымдарда ақылы негізде әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша әскери даярланған резерв бағдарламасынан өткендерге;
- запастағы офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтағандарға.
Бұдан бөлек, аудандық немесе облыстық маңызы бар қаладағы ЖӘБО әскери билеттерді мына азаматтарға береді:
- әскери қызметтен немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардағы, азаматтық қорғау органдарындағы қызметтен босатылған және белгіленген әскери қызмет мерзімін өтегендерге;
- бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, бұған дейін әскери қызметте немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда, азаматтық қорғау органдарында қызмет етіп, белгіленген мерзімді өтегендерге;
- басқа мемлекеттерден келіп, Қазақстан азаматтығын алған, бұрын әскери (баламалы) қызметті немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда, азаматтық қорғау органдарында қызмет өткергендерге;
- әскери атағы қалпына келтірілген және әскери қызметте немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда, азаматтық қорғау органдарында қызмет өткергендерге.
Пікір жоқ