Фото авторы: желі
Павлодар облысы Екібастұз қаласында қатты аяз кезінде полиция қызметкерлері мұз ойылып, суға кеткен балықшыларды құтқарып қалды, деп хабарлайды Newmedia.kz.
Оқиға 17 қаңтар күні таңғы сағат 07:33 шамасында Екібастұз қаласындағы су қоймасында тіркелген. Құтқару қызметіне Mitsubishi Delica маркалы автокөліктің мұз астына батып кеткені туралы хабарлама түскен. Белгілі болғандай, көлікпен төрт азамат балық аулауға барған.
Жедел әрекет еткен учаскелік полиция инспекторы Архар Оспанов оқиға орнын анықтап, көлік пен балықшыларды тауып, дереу төтенше жағдайлар қызметіне хабар берген.
Құтқару жұмыстары барысында төрт азаматтың барлығы аман қалған. Алайда олардың киімдері суға малшынып, мұз болып қатқандықтан өздігінен қозғалу қиынға соққан. Құтқарушылар шалбарларын қайшымен кесіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Зардап шеккендер жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Полиция департаменті тұрғындарды қатты аяз кезінде мұзға шығудан бас тартуға, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
Пікір жоқ