Фото авторы: instagram.com/zhanabylov_e
Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот үкімі жарияланды. Бұл туралы Newmedia.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Сот отырысында үкімді оқыған судья Әділбек Баймаханов айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді.
Ерболат Жанәбіловке қатысты сот шешімі бойынша ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (заңсыз кәсіпкерлік) және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру) бойынша кінәлі деп танылды. Нәтижесінде, сот бірнеше бап бойынша жазаларды біріктіріп, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сот Жанәбіловке бірқатар міндеттер жүктеді: тұрғылықты жерін және жұмыс орнын рұқсатсыз өзгертпеу, психоактивті заттарды қолданбау, түнгі уақытта (22:00–06:00) үйден шықпау, ойын-сауық орындарына бармау және жұмыссыз болған жағдайда бір ай ішінде тіркелу. Сондай-ақ, ол үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 тәулік ішінде пробация қызметіне тіркелуі тиіс.
Ал Эльмира Төлегенова да аталған баптар бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасын тағайындады. Алайда оның кәмелетке толмаған балалары барын ескере отырып, жаза өтеу мерзімі 2028 жылғы 27 сәуірге дейін кейінге қалдырылды. Егер сотталған тұлға бала тәрбиесінен жалтарса немесе қоғамдық тәртіпті бұзса, кейінге қалдыру шешімі күшін жоюы мүмкін.
Сот үкіміне сәйкес, мемлекет пайдасына 17 дана iPhone 16 және 8 автокөлік тәркіленеді. Ал Lamborghini Urus пен Lexus LX көліктеріне салынған тыйым алынып, иелеріне қайтарылатын болды.
Сонымен қатар, келтірілген 247,6 миллион теңге көлеміндегі шығын толық өтелгендіктен, азаматтық талапты қарау тоқтатылды. Әр сотталушыдан 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл өндірілді.
Сот үкімінен кейін айыпталушыларға қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа өзгертілді. Бұған дейін 2026 жылғы 2 ақпан мен 27 сәуір аралығында үйқамақта болған уақыты жаза мерзіміне есептеледі.
Тараптар үкімге 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым бере алады. Алайда қорғаушы Гаухар Айтжанова олардың сот шешімімен келісетінін және апелляция бермейтінін мәлімдеді.
Пікір жоқ